Республикалық жоғары медициналық колледжінде Кенжеғұл Социалұлы Сейітжанмен кездесу өтті

13 қараша Халықаралық зағиптар күніне орай Республикалық жоғары медициналық колледжінде Кенжеғұл Социалұлы Сейітжанмен кездесу өтті.

Кішкентайында көру мүмкіндігінен айырылған Кенжеғұл Сейітжан велоспортпен кәсіби түрде айналысады. Бүгінде ол мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, биіктерді бағындырып жүр. Велоспорттан бөлек, тауға өрлеуден Қазақстанның чемпионы.

Кенжеғұл көп балалы отбасында дүниеге келген. Отбасындағы 20 баланың кенжесі. 16 әпкесі мен үш ағасы бар. 5 тілде емін-еркін сөйлейді. Астана қаласынан Парижге дейін 5000 шақырымды велосипедпен бағындырған.

Республикалық жоғары медициналық колледжінің “Массаж” бөлімінде де Кенжеғұлмен тағдырлас студенттер тәліп алуда. Біздің студенттеріміз бүгін Кенжеғұлдан үлкен мотивация алып, қонағымыздың жасап жүрген ерлігіне тәтті болды.

Расында, Кенжеғұлдың жасап жүрген істері нағыз ерлік. Бүгінде он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін көптеген азамат күш-қайратын игі істерге сарып етпей келеді.

Кездесу соңында Массаж бөлімінде оқитын студенттеріміз ән айтып, өлең оқыды. Сондай-ақ, Бас директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Сағатұлы Жанысбай дәстүріге сай, қонағымызға колледж басшылығы атынан алғыс білдіріп, Алғыс хат табыстады.