Алматыда «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді жетілдірудің жаңа тәсілдері» талқыланды

 Мейіргер ісі мамандарын даярлау денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. ҚР Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, сондай-ақ 2019 жылға дейін ҚР-да мейіргер ісін дамытудың Кешенді жоспарын іске асыру шеңберінде Алматыдағы Республикалық жоғары медициналық колледжінде «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беруді жетілдірудің жаңа тәсілдері» тақырыбы аясында оқу-әдістемелік бірлестіктің отырысы

өтті.

Мейіргер ісі мамандарын даярлауды жетілдіру, мейіргерлердің рөлін күшейту, оларға бірқатар өкілеттіктер беру, халықаралық стандарттарға бағытталған мейіргерлік қызметтегі мамандарды даярлауға қойылатын талаптарды арттыруға байланысты өткен оқу-әдістемелік бірлестік отырысының жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Сәуле Сыдыкова, ҚР ДСМ Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының медициналық білім беруді дамыту бөлімінің басшысы Зауре Байғожина, «Кәсіпқор» Холдингі ҮЕАҚ Жанат Далабаев, Алматы қаласының мейіргерлер қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ медициналық колледждер басшылары қатысты. Республикалық жоғары медициналық колледжінің директоры Найля Рузденованың айтуынша, 2014 жылдан бастап медициналық білімді жетілдіруге арналған финдік жүйе енгізіліп, студенттер жаңа оқу жүйесінің негізінде білім алуда. Бұған дейін студенттер техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес оқытылған. Әлеуметтік, экономикалық, гуманитарлық бағыттарға басымдық берілген. Ал студенттердің тәжірибелік бағыты оқу уақытының 40 пайызын ғана құрайтын. Қолданбалы бакалавр жүйесінің негізгі мақсаты – тәжірибелік жағына баса назар аударылып, оқу уақытының 50 пайызын құрады. Қолданбалы бакалавр дайындау мерзімі — 3,5 жыл. Өткен жылы 312 маман қолданбалы бакалавр деңгейінде білім алған.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ, «Еqemen Qazaqstan» АЛМАТЫ