Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған…

Бұл өмірде ананың ақ сүті мен мейіріміне жететін не бар… Оның мейірлене айтқан «Айналайын, құлыным» деген жылы сөзі жаныңды ерекше сезімге бөлеп, бар бақытты сыйлайды емес пе?!

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 80 мыңнан астам жетім бала бар. Бұл көрсеткіш аз емес әрине. Мемлекет тарапынан жетімдер үйіндегі балалар қамқорлыққа алынып,  барлық жағдай жасалғанымен, туған ата-анасының орнын ешкім баса алмайтыны анық. Десе де, “жетім көрсең жебей жүр!” қағидасын ұстанып, балаларға бақыт сыйлау – азаматтығымыз!

Республикалық жоғары медициналық  колледжі ұжымы Елбасының –”Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы аясында және колледжіміздің 80 жылдығы шеңберінде әріптестеріміз бен студенттеріміз Алматы қаласында орналасқан №1 Балалар үйіне барып, концерттік бағдарлама өткізіп қайытты.

Студенттеріміз кішкентай бүлдіршіндерге мейірім шапағатын сыйлап, көңіл-күйлерін көтеру мақсатында концерттік бағдарламадан бөлек, балаларға әр түрлі ойындар ойнатып, сыйлықтарын үлестірді.

Республикалық жоғары медициналық колледжінің Бас директоры Найля Бексауытқызының тікелей қолдаумен № 1 балалар үйіне барған ұжым өкілдерінің мақсаты, концерт қойып, балалардың көңілін аулау ғана емес. Сонымен қатар, балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді болашақта медицина саласының маманы болуға баулу еді. Сондай-ақ, медицина саласында тәлім алатын біздің шәкірттеріміз ата-анасыз өсіп жатқан балаларды көріп, өздерінің ата-анасын қадірлеуді білсін деген бақсатта жоқ емес-тін.    Осылайша мақсат тұтқан екі жақты ойымыз іске асып,  балалар үйіндегі ұл-қыздардан болашақта ел үмітін ақтайтын белгілі тұлғалар шықса екен деген ізгі тілекпен №1 балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді қимай қоштастық.

Шарамыздың іске асуына ерекше қолдау білдірген №1 балалар үйінің жетекшісі Бақытгүл Сағатбекқызына Республикалық жоғары медициналық колледжі ұжымы және бас директорының атынан алғыс білдіреміз.

 

“Жас мамандар мектебінің” жетекшісі, тарих пәні оқытушысы Жібек Рахматуллақызы Қазақбаева,

Тарих пәні оқытушысы Камшат Нұрғалиқызы Байболова

Экономика пәні оқытушысы Жасұлан Ерланұлы Мұхашев